Үлескерлер мәселесі қашан шешіледі: Ерлан Қошанов азаматтарды қабылдап, маңызды тапсырмалар берді

Редакция
13 қараша 2026, 16:54
Үлескерлер мәселесі қашан шешіледі: Ерлан Қошанов азаматтарды қабылдап, маңызды тапсырмалар берді

Бүгін Астанада Қазақстан Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов азаматтарды жеке қабылдап, халықты толғандырған өзекті мәселелер мен ауқымды бастамаларды пысықтады. Басқосу барысында тұрғын үй мәселелері, борыштық жүктеме, еңбек адамының мәртебесі, жастарға кәсіби бағдар беру және алимент төлеу жүйесін жетілдіру секілді көкейкесті тақырыптар талқыланды.

Жиында әсіресе Ақтөбе облысынан келген тұрғын Жәмила Қылаубаева көтерген түйткіл назар аудартты. Ол үлескерлердің құқығын бұзған құрылыс компанияларының кесірінен зардап шеккен 625 азаматтың мәселесін айтып, көмек сұрады. Бұған қатысты Ерлан Қошанов Ақтөбе облысының әкімдігі мен Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне заңнамалық актілерге шұғыл өзгерістер енгізіп, бұл түйінді қысқа мерзімде шешуді қатаң тапсырды.

Сондай-ақ қабылдауда тек жекелеген шағымдар емес, қоғамдық маңызы бар стратегиялық бастамалар да көтерілді. Мәселен, еңбек адамына құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыру, ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету және «Бала қоры» алименттерді алдын ала төлеу қорын құру идеялары ортаға салынды. Астанадағы Кирпичный тұрғын алабында жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені, балабақша мен бейімдеу орталығының құрылысы 2027 жылғы жоспарға енгізілгені хабарланды. Көтерілген әрбір өтініш жіті зерделеніп, тиісті мемлекеттік органдардың бақылауына алынды.

Соңғы жаңалықтар