Қанша қазақстандық мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты?

Редакция
12 қараша 2026, 10:57
Қанша қазақстандық мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартты? Сурет авторы: Устинка LIVE

Қазақстанда 729 азамат eGov Mobile қосымшасындағы жаңа сервис арқылы мемлекеттік жәрдемақылардан өз еркімен бас тартты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл қадамды қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілік пен өзара қолдаудың көрінісі деп бағалады.

«Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» сервисі 2026 жылдың қазан айында іске қосылған болатын. Жоба өзін және отбасын дербес қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар азаматтардың мемлекеттік көмектен саналы түрде бас тартуына жағдай жасау мақсатында әзірленген.

Ведомство мәліметінше, өмірлік жағдайы өзгерген кезде азаматтар мемлекеттік қолдау тағайындау үшін қайта өтініш беру құқығын сақтайды. Мұндай өтініштер заңнама талаптарына сәйкес қаралады.

Сонымен қатар министрлік азаматтарды қырағы болуға және тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды. Ерікті түрде бас тарту қызметі тек eGov Mobile мобильді қосымшасы мен eGov.kz порталында ғана қолжетімді. Мемлекеттік орган мессенджерлер арқылы «төлемдерден бас тартуға» арналған күмәнді сілтемелер таратпайды.

Еске сала кетейік, бұған дейін әл-ауқат калькуляторының есептеу нәтижелері жәрдемақы тағайындауға немесе оны тоқтатуға әсер етпейтіні хабарланған еді. Есептеу қорытындысымен келісу не келіспеу, сервисті бағалау және қалдырылған пікірлер төлемдердің мөлшері мен жалғасуына еш ықпал етпейді. Калькулятор тек отбасының әл-ауқатын алдын ала бағалауға, деректерді тексеруге және қажет болған жағдайда есепті қайта жүргізуге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар