Адал еңбек пен озық технология Түркістан жұртшылығы жаңа тарихи кезеңнің талаптарын талқылады

Редакция
12 қараша 2026, 19:40
Адал еңбек пен озық технология Түркістан жұртшылығы жаңа тарихи кезеңнің талаптарын талқылады Сурет авторы: Құрылтайдың Баспасөз қызметі

Бүгін Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Абдулла Исматуллаев,сондай-ақ Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова мен Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев бастаған республикалық жұмыс тобы Түркістан қаласына арнайы сапармен келіп, өңір жұртшылығымен бірқатар маңызды кездесу өткізді.

Сапар барысында делегация өкілдері әлеуметтік нысандарды аралап, ғалымдармен, медицина қызметкерлерімен,студенттермен және қала тұрғындарымен ашық пікір алмасты. Кездесулердің басты арқауы – Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында көрсетілген стратегиялық бастамаларды халыққа жеткізу болды.

Алғашқы басқосу Достық үйінде ұйымдастырылып, онда қоғамдық келісім, ұлттық құндылықтарды сақтау және жастардың белсенділігін арттыру мәселелері сөз болды. Жиында сөз алған Құрылтай депутаты Дихан Қамзабекұлы мемлекеттің ілгерілеуі тек экономикалық көрсеткіштерге ғана емес, ең алдымен азаматтардың сана-сезімі мен қоғамдық құндылықтарға тікелей байланысты екенін атап өтті.

«Бүгінгі қоғамға білімді, еңбекқор әрі инновациялық тұрғыда ойлайтын жас буын ауадай қажет. Адалдық, әділдік және заңға құрмет қағидаттарын орнықтыру – басты міндетіміз. Шынайы отаншылдық құрғақ сөзбен емес, адал еңбекпен, сапалы біліммен және ел болашағына деген жауапкершілікпен өлшенеді», – деді депутат.

Бұдан кейін республикалық топ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессор-оқытушылар құрамымен жүздесті. Ғылыми ортада білім мен ғылымның әлеуетін көтерумен қатар,өңір үшін өзекті саналатын аграрлық саланы жаңғырту және су ресурстарын тиімді басқару тетіктері кеңінен талқыланды.

Жұмыс сапары «Ұлы Дала елі» орталығында Халықаралық туризм және меймандостық университетінің студенттерімен өткен еркін форматтағы диалогпен түйінделді. Спикерлер жастарға Жолдаудың басым бағыттарын түсіндіріп, ауыл шаруашылығы мен су үнемдеу саласындағы жаңа міндеттерге тоқталды. Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тың ұсыныстарын ортаға салды.

Соңғы жаңалықтар