Kyzdar.net сайтына қатысты іс: күдікті Грузиядан елге қайтарылды

Абдрахманов Мағжан
12 қараша 2026, 10:21
Kyzdar.net сайтына қатысты іс: күдікті Грузиядан елге қайтарылды Сурет авторы: видеодан кадр

Қазақстанда трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысып, жеңгетайлық жасады деген күдікке ілінген Өзбекстан азаматшасы Грузиядан экстрадицияланды. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу мәліметінше, күдікті қылмыстық топтың басқа мүшелерімен бірге Kyzdar.net сайтында жезөкшелік және өзге де сексуалдық қызметтер туралы хабарландыру орналастырған адамдардан төлем қабылдаумен айналысқан. Олар сайттағы жеке шоттарды толықтыруға өтінімдер қабылдап, сол арқылы ақылы қызметтерді жарнамалауға көмектескен.

Бас прокуратураның хабарлауынша, топ мүшелері түскен қаражаттың бір бөлігін өздеріне сыйақы ретінде қалдырып, қалғанын сайт әкімшілеріне аударып отырған. Тергеу бұл әрекеттерді жеңгетайлыққа бағытталған заңсыз қызметтің бір бөлігі деп есептейді.

Қылмыстық топтың бірнеше мүшесі бұған дейін әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал күдіктілердің бір бөлігі, соның ішінде Өзбекстан азаматшасы халықаралық іздеуге жарияланған.

Әйел биыл шілдеде Грузияда ұсталған. Кейін Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге жеткізіліп, тергеу изоляторына қамалды. Оны экстрадициялауға Қазақстанның Ішкі істер министрлігі, Интерпол қызметкерлері және Грузиядағы елшілік атсалысқан.

Күдіктіге тағылған айыптар дәлелденсе, мүлкі тәркіленіп, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар