Баспана бағасының өсуі елді дүрліктірді: Испанияда соңғы 14 жылдағы ең ірі ереуіл өтті

Редакция
12 қараша 2026, 11:26
Баспана бағасының өсуі елді дүрліктірді: Испанияда соңғы 14 жылдағы ең ірі ереуіл өтті Сурет авторы: REUTERS/Violeta Santos Moura

Испанияда баспана тапшылығы мен жалдау ақысының қымбаттауына наразы болған 4 миллионға жуық жұмысшы жаппай ереуілге шықты. Бұл елдегі жалпы еңбекке қабілетті халықтың шамамен бестен бір бөлігін құрайды. Кәсіподақтар шерулердің негізінен бейбіт өткенін мәлімдегенімен, кешке қарай Мадрид пен Барселонаның бірқатар ауданында наразы топ пен полиция арасында қақтығыс басталды, деп хабарлайды Reuters.

Қолайсыз ауа райына қарамастан, мыңдаған азамат мерзімінен бұрын өтетін парламент сайлауына үш апта қалғанда ірі қалалардың көшелеріне шықты. Барселонада негізгі шеру аяқталған соң белгісіз біреулер көше жиһаздарын өртеп, тәртіп сақшыларымен қақтығысқан. Ал Мадридтің орталығындағы Испания алаңында полиция жиналғандарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ, бұрыш спрейі мен резеңке оқтарды қолданды. Ел бойынша ереуілге байланысты 1044 оқиға тіркеліп, 73 адам қамауға алынды.

Бұл Испанияда еуроаймақтағы қарыз дағдарысы кезінде өткен 2012 жылғы наразылықтан кейінгі алғашқы жалпыұлттық ереуіл болып отыр. Аталған шараны елдегі ең ірі екі кәсіподақ - Жалпыға ортақ еңбекшілер одағы (UGT) мен Жұмысшы комиссиялары (CCOO), сондай-ақ пәтерақының шарықтауы мен тұрғындарды үйден мәжбүрлеп шығаруға қарсы жалға алушылар қауымдастығы ұйымдастырды.

Ереуіл әсіресе тұрғын үй мәселесі ушығып тұрған жағалау аймақтарында белсенді өтті. Премьер-министр Педро Санчес 29 қарашадағы сайлау қарсаңында сайлаушылардың баспанаға қатысты наразылығын өз пайдасына бұрып, қоғам назарын Сеутадағы мигранттар қазасы мен өткен айдағы пойыз апатынан алшақтатуға тырысуда. Дегенмен сауалнамаларда оның Социалистік партиясы әлі де бәсекелестерінен артта қалып келеді.

Мадридтің басты сауда көшесі - Гран-Виада наразылық білдірушілер қолдарындағы үй кілттерін сылдырлатып, ұрандатқан кезде Primark, H&M және Pull&Bear сияқты ірі дүкендер есіктерін жабуға мәжбүр болды. Тәртіпсіздіктерден қауіптенген Барселонадағы көптеген сауда орындары да жұмысын уақытша тоқтатты.

Испанияның орталық банкінің дерегінше, қазір елде шамамен 750 мың баспана жетіспейді, ал 2028 жылға қарай бұл тапшылық бір миллионнан асуы мүмкін. Жеке үй сатып алуға мүмкіндігі жоқ азаматтардың көбеюі жалдамалы пәтер нарығына қысымды күшейткен. Испания Жастар кеңесінің мәліметінше, орташа жалдау ақысы 1176 еуроға жетіп, жас мамандардың орташа айлық жалақысының 98,7 пайызын жұтып отыр.

Ереуіл порттар мен автокөлік зауыттарында ерекше қарқын алды. Кәсіподақтар Наваррадағы Volkswagen және Барселонадағы SEAT зауыттарының жұмысы толық тоқтағанын хабарлады. Елдің энергия жүйесінің операторы таңғы сағат 10 мен 11 аралығында электр энергиясын тұтыну 15,5 пайызға төмендегенін тіркеді.

Барселона метросы қарбалас уақыттан тыс кезде пойыздар қозғалысын тоқтатса, Мадрид метросында жолаушылар ағыны өткен аптамен салыстырғанда 42 пайызға азайған. Алайда BBVA Research бас экономисі Мигель Кардосоның пікірінше, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі мен қызмет көрсету саласының үлесі артуына байланысты ереуілдің экономикаға әсері бұрынғы жылдарға қарағанда әлсіздеу болады. Оның есебінше, бұл шара Испанияның жылдық ЖІӨ-сін небәрі 0,1–0,2 пайызға ғана төмендетуі мүмкін.

Ал бизнес өкілдері ереуілді сынға алды. Іскерлік орта өкілі Анхела де Мигель тұрғын үй тапшылығы шағын бизнеске де кері әсер етіп, кадр тартуды қиындатып отырғанын айтып, мәселені шешу үшін құрылыс көлемін арттырып, салықтарды төмендету қажеттігін алға тартты.

Еске сала кетейік, жаппай толқуларға Мадридте 87 жастағы зейнеткердің пәтерінен мәжбүрлеп шығарылғаннан кейін көз жұмуы және өткен айда парламенттің жалдау ақысын шектеу туралы үкімет қаулыларын қабылдамай тастауы түрткі болған еді. Қазір кәсіподақтар қақтығыс кезінде 20 адамның жарақат алуына байланысты полицияның әрекетіне қарсы қылмыстық шағым түсіруге дайындалып жатыр.

Соңғы жаңалықтар