Армения ҰҚШҰ-дағы дауыс беру құқығынан айырылды

Абдрахманов Мағжан
12 қараша 2026, 10:05
Армения ҰҚШҰ-дағы дауыс беру құқығынан айырылды Сурет авторы: Петр Ковалев / РИА Новости

Армения Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымында (ҰҚШҰ) дауыс беру және ұйымның жоғары лауазымдарына өз өкілдерін тағайындау құқығынан айырылды. Бұл туралы Мәскеуде өткен ҰҚШҰ жиынынан кейін Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков мәлімдеді.

Песковтың айтуынша, Армения бірнеше жылдан бері ұйым алдындағы міндеттемелерін орындамай келеді. Ереван 11 қарашада өткен ҰҚШҰ жиынына да өз делегациясын жібермеген.

«Ұйымның жарғысын басшылыққа ала отырып, Арменияны дауыс беру құқығынан, сондай-ақ ҰҚШҰ-дағы жоғары лауазымдарға өз өкілдерін тағайындау құқығынан айыру ұсынылып, тиісті шешім қабылданды», – деді Песков.

ҰҚШҰ бас хатшысы Талатбек Масадықовтың мәліметінше, Армения кейінгі үш жылда мүшелік жарнасын төлемеген және ұйым хатшылығына қызметкерлерін жібермеген. Алайда Арменияны ҰҚШҰ құрамынан шығару мәселесі қаралмаған.

Армения мен ҰҚШҰ арасындағы қатынас Таулы Қарабақ төңірегіндегі қақтығыстардан кейін нашарлады. Ереван Әзербайжанмен қақтығыс кезінде Ресей мен ҰҚШҰ-дан әскери көмек сұрағанымен, ұйым күткен қолдауды көрсетпегенін мәлімдеген. Осыдан кейін Армения ҰҚШҰ жұмысына қатысуын тоқтатып, ұйымның бірқатар жиынына делегация жібермеді.

ҰҚШҰ құрамында Армениядан бөлек Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Тәжікстан бар.

Соңғы жаңалықтар