«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуы: Тоқаев шұғыл тапсырмалар берді

Абдрахманов Мағжан
13 қараша 2026, 15:17
«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ басшыларының ұсталуы: Тоқаев шұғыл тапсырмалар берді Сурет авторы: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басшыларының ұсталуына байланысты мәлімдеме жасап, мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықпен күресті күшейтуді тапсырды. Мемлекет басшысы Үкіметке нақты мерзім белгілеп, мемлекет қаржысының жұмсалуын қадағалайтын арнайы комиссия құрылатынын айтты, деп хабарлады Ақорда.

Президент екі ірі ұлттық компания басшыларының ұсталуын мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық мәселесінің қаншалықты күрделі екенін көрсететін жағдай деп бағалады.

«Ашығын айтқанда, бұл – мемлекеттік компанияларда жемқорлық белең алғанын көрсететін аса күрделі жағдай», – деді Тоқаев.

Ол тергеу енді басталғанын, сондықтан істің мән-жайын алдын ала жариялауға болмайтынын ескертті.

Үкіметке 24 қарашаға дейін мерзім берілді

Мемлекет басшысы мемлекеттік компаниялардағы жемқорлықты азайту үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айтты.

«Осы орайда, Үкімет пен бақылаушы органдар биыл 24 қарашаға дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтарды барынша азайту, квазимемлекеттік сектордағы компаниялар мен олардың қызметкерлерінің жұмыс сапасын айтарлықтай жақсарту жөнінде маған ұсыныс берсін», – деді Президент.

Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық олардың жұмысына ғана емес, инвесторлар мен халықаралық серіктестердің сеніміне де әсер етеді.

Мемлекет қаржысын арнайы комиссия бақылайды

Президент мемлекет қаржысының тиімді жұмсалуын қадағалайтын арнайы мемлекеттік комиссия құрылатынын мәлімдеді. Оның құрамы келесі аптаның басында жарияланады.

Комиссияның жұмысы әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың құрылысына жұмсалатын қаржыны бақылауға бағытталады.

«Барлық әлеуметтік инфрақұрылым нысандары, соның ішінде жолдар, әуежайлар, емханалар, оңалту орталықтары, шығармашылық үйлері, мектептер мен спорт кешендері сапалы салынуы керек. Бұл – мүлтіксіз орындалуға тиіс талап», – деді Мемлекет басшысы.

Шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы үш жыл шектеу қойылады

Тоқаев 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын кәсіпкерлікті тексеруге тағы үш жылға мораторий жариялау жөнінде тапсырма бергенін еске салды.

Президенттің айтуынша, жемқорлықпен күрес кәсіпкерлерге кедергі келтіруді білдірмейді. Керісінше, заң талаптарын сақтайтын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіле береді.

«Бірақ биліктің кәсіпкерлерге кедергілер, тосқауылдар жасайтын ойы да, ниеті де жоқ. Керісінше, біз оларға әрдайым жан-жақты қолдау көрсетіп жатырмыз және алдағы уақытта да солай болады», – деді ол.

«Самұрық-Қазына» мен ҚТЖ жұмысы тоқтамайды

Мемлекет басшысы ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуына қарамастан, олардың қызметі үздіксіз жалғасатынын айтты.

«Жағдай қаншалықты күрделі болса да «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының аппараты мен мемлекеттік компаниялардың, соның ішінде «Қазақстан темір жолының» жұмысы тоқтап қалмайды, үздіксіз жүре береді», – деді Президент.

Оның мәліметінше, аталған компанияларға қарасты барлық мекеме қалыпты тәртіппен жұмыс істеп жатыр.

Тоқаев жемқорлыққа қарсы күрес ұлттық компаниялардың ашықтығын арттырып, инвесторлар мен несие берушілердің сенімін нығайтуға тиіс екенін атап өтті.

Қайтарылған 1,3 триллион теңгеге салынған нысандардың сапасы тексерілуі мүмкін

Президент Бас прокуратура заңсыз иемденілген 1,3 триллион теңгеден астам активті мемлекетке қайтарғанын айтты.

Бұл қаражат 466 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысанның құрылысына бағытталған. Қазіргі уақытта оның 383-і, соның ішінде медициналық мекемелер, су құбырлары, мектептер мен спорт кешендері салынып біткен.

Алайда Мемлекет басшысы салынған нысандардың сапасына назар аудару қажет екенін жеткізді.

«Қалыптасқан жағдайға қарағанда, нысандар қаншалықты сапалы салынғанын тексеруге себеп бар сияқты. Өйткені нысандардың, соның ішінде жолдардың сапасы талапқа сай болмайтын жағдай жиі кездеседі», – деді Тоқаев.

«Өзіміздікі» және «бөтен» деп бөлуге жол жоқ

Президент жемқорлыққа қатысты істерді тексеру кезінде ешкімге артықшылық берілмеуі керектігін айтты.

Оның сөзінше, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі Бас прокуратурамен бірлесіп, түрлі деңгейдегі басшылардың заңсыз әрекеттерін жіті тексереді.

«Өзіміздікі» және «Өзіміздікі емес», тіпті «бөтен» деп бөлуге мүлде жол берілмейді. Өйткені Конституцияда заң мен сот алдында бәрі тең екені анық жазылды», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев лауазымы, бұрынғы еңбегі немесе туыстық байланыстары ешкімді заң алдындағы жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті.

Ұлттық компаниялар басшыларының ұсталуына қатысты не белгілі?

Еске салайық, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 11 қарашада «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Елжас Өтіншиев сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталды.

Олармен бірге өзге адамдар да ұсталған. Қазір істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

ҰҚК Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес тергеудің өзге мәліметтері жарияланбайтынын хабарлады. Күдіктілердің кінәсі сотта дәлелденген жоқ.

Соңғы жаңалықтар