Қазақстандағы медициналық колледждердің жартысы тексеріледі

Абдрахманов Мағжан
13 қараша 2026, 17:21
Қазақстандағы медициналық колледждердің жартысы тексеріледі Сурет авторы: Денис Абрамов/РИА Новости

2027 жылы Қазақстандағы 100 медициналық колледждің 50-і мемлекеттік аттестаттаудан өтеді. Арнайы комиссиялар оқу орындарына барып, болашақ медицина мамандарын даярлау сапасын тексереді, деп хабарлады Денсаулық сақтау министрлігі.

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылы медициналық колледждерді мемлекеттік аттестаттаудан өткізудің жаңа қағидалары алғаш рет бекітілді. Енді тексерушілер оқу орындарына міндетті түрде барып, олардың мемлекеттік білім беру талаптарына сәйкестігін бағалайды.

Колледждерде не тексеріледі?

Мемлекеттік аттестаттау кезінде медициналық колледждердің жұмысы 10 бағыт бойынша бағаланады.

Атап айтқанда, комиссия оқу орындарының материалдық-техникалық жағдайын, оқу үдерісінің ұйымдастырылуын, тәжірибелік дағдыларды үйрететін орталықтардың жабдықталуын және мамандарды даярлау сапасын тексереді.

2026 жылы мемлекеттік аттестаттауға төрт медициналық колледж енгізілген. Оның екеуінде тексеру жұмыстары жүргізіліп үлгерді.

Қазақстанда қанша медициналық колледж бар?

Қазір елімізде 100 медициналық колледж жұмыс істейді. Оның 22-сі – мемлекеттік, қалған 78-і – жекеменшік оқу орындары.

Денсаулық сақтау министрлігі мемлекеттік колледждер медицина мамандарын даярлауда жетекші орын алып, жекеменшік білім беру ұйымдарына да үлгі болуы керек деп есептейді.

Медицина мамандарын даярлау тәртібі де өзгереді

Министрлік медициналық колледждердегі оқу бағдарламаларын қайта қарауды, оқу жабдықтарын жаңартуды және студенттердің тәжірибелік дайындығын күшейтуді жоспарлап отыр.

Сондай-ақ теориялық білімді жұмыс орнындағы тәжірибемен ұштастыру, өндірістік тәжірибеден өту тәртібін жетілдіру және мемлекеттік грантпен оқыған түлектердің міндеттемелерін өтеу тәсілдерін өзгерту көзделген.

Бұл шаралар орта буын медицина мамандарын даярлау сапасын арттыруға бағытталған.

Соңғы жаңалықтар