Алматы мен Астанадан Шарм-эш-Шейхке тұрақты рейстер ашылады: билет құны қанша?

Абдрахманов Мағжан
13 қараша 2026, 16:15
Алматы мен Астанадан Шарм-эш-Шейхке тұрақты рейстер ашылады: билет құны қанша? Сурет авторы: Air Astana

Air Astana әуе компаниясы желтоқсан айынан бастап Алматы мен Астанадан Мысырдың Шарм-эш-Шейх қаласына тұрақты рейстер ашады. Алматыдан алғашқы рейс 10 желтоқсанда, ал Астанадан 11 желтоқсанда орындалады, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Бұған дейін Шарм-эш-Шейхке ұшақтар тек туристік тапсырыс бойынша қатынайтын. Енді Алматыдан аптасына екі рет – дүйсенбі және бейсенбі күндері, ал Астанадан сейсенбі және жұма күндері тұрақты рейстер орындалады. Жолаушылар Airbus A321 ұшақтарымен тасымалданады.

Ұшу кестесі қандай?

Алматыдан ұшақ таңғы сағат 07:20-да ұшып, Шарм-эш-Шейхке жергілікті уақыт бойынша 11:50-де қонады. Ұшу ұзақтығы – 7 сағат 30 минут. Қайтар рейс 12:50-де ұшып, Алматыға 22:10-да жетеді.

Астанадан ұшақ 06:50-де ұшып, Шарм-эш-Шейхке 10:45-те қонады. Жолға 6 сағат 55 минут кетеді. Қайтар рейс 11:55-те ұшып, Астанаға 20:50-де келеді.

Билет бағасы қанша?

Әуе компаниясының мәліметінше, барлық алымдарды қосқандағы ең төменгі билет бағасы:

  • Алматыдан – үнемді санатта 283 690 теңге, бизнес санатында 597 864 теңге;

  • Астанадан – үнемді санатта 283 734 теңге, бизнес санатында 588 932 теңге.

Мысырға бару үшін виза қажет пе?

Air Astana Мысырға сапар шегетін қазақстандықтарға қойылатын талаптарды да еске салды.

21 жасқа толмаған Қазақстан азаматтары Мысырға тек ата-анасының бірімен бірге бара алады.

Ал 21 жасқа толған азаматтар Шарм-эш-Шейх аумағында 15 күннен аспайтын туристік сапар кезінде визаны әуежайға келген соң рәсімдей алады.

Каир, Хургада немесе Мысырдың басқа қалаларына баруды жоспарлаған қазақстандықтар визаны алдын ала алуға міндетті.

Соңғы жаңалықтар