Енді рентген суреттерін бір дәрігерден бір дәрігерге тасып жүрудің қажеті жоқ: Алматыда бірыңғай жүйе құрылды

Редакция
13 қараша 2026, 17:11
Енді рентген суреттерін бір дәрігерден бір дәрігерге тасып жүрудің қажеті жоқ: Алматыда бірыңғай жүйе құрылды Сурет авторы: ЖИ иллюстрациясы

Енді алматылық науқастарға емханадан емханаға рентген суреттері мен компьютерлік дискілерді арқалап жүрудің қажеті жоқ. Мегаполисте бірыңғай телерадиологиялық жүйе іске қосылып, дәрігерлерге пациенттің бұрынғы барлық тексеру нәтижелерін ортақ цифрлық мұрағаттан тікелей көруге мүмкіндік берілді. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың тапсырмасына сәйкес, 2026 жылдың соңына дейін бұл жүйеге тегін медициналық көмек пен МӘМС аясында қызмет көрсететін жекеменшік клиникалар да толық қосылмақ.

Қазірдің өзінде цифрлық жүйеге 69 медициналық ұйым мен 216 диагностикалық аппарат біріктірілген. Мұрағатта 1 миллионнан астам тұрғынның 800 мыңнан аса зерттеу нәтижесі жинақталған, ал соңғы үш айдың өзінде 603 мыңнан астам тексеру тіркелген. Жүйе сәулелік диагностиканың негізгі түрлерін - рентгенография, флюорография, маммография, компьютерлік және магнитті-резонанстық томография (КТ, МРТ), сондай-ақ ангиография деректерін толық қамтиды. Дәрігер-рентгенологтар үшін 113 арнайы жұмыс орны жабдықталып, ахуалдық орталық арқылы емханалардың жүктемесі мен қорытындылар саны жіті бақылауға алынған.

Бұл бастаманың басты ерекшелігі - медициналық түсірілімдер мұрағатта 25 жылға дейін сақталады. Бұл мамандарға науқастың әр жылдардағы денсаулық жағдайын салыстыруға және негізсіз қайталанатын тексерулерді азайтуға жол ашады. Жаңашылдық әсіресе онкологиялық, жүрек-қантамыр және созылмалы дерттермен ауыратын, тұрақты бақылауды қажет ететін азаматтар үшін аса тиімді болмақ.

Соңғы жаңалықтар