Сот журналист Вадим Борейконы құрылыс компаниясына 43 млн теңге төлеуге міндеттеді

Абдрахманов Мағжан
13 қараша 2026, 17:34
Сот журналист Вадим Борейконы құрылыс компаниясына 43 млн теңге төлеуге міндеттеді Сурет авторы: Ulysmedia коллажы

Алматыда сот журналист Вадим Борейконы құрылыс компаниясына 43 миллион теңгеден астам өтемақы төлеуге міндеттеді. Сот шешіміне сәйкес, журналист даулы жарияланымдарын өшіріп, ондағы мәліметтерді теріске шығаруға тиіс. Алайда шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Журналистің үстінен Алматының 12-шағынауданында Premier тұрғын үй кешенін салып жатқан Etude-Ybyrai компаниясы шағым түсірген.

Компания Борейконың құрылыс заңсыз жүргізіліп жатқаны және қажетті құжаттардың жоқтығы туралы бейнежазбасынан қаржылай шығынға ұшырағанын мәлімдеген.

Құрылыс салушы соттан іскерлік беделін қорғауды және келтірілген шығынды өтеуді талап еткен.

Сот компанияның талабын қанағаттандырып, журналисті даулы мәліметтерді теріске шығаруға, жарияланымдар мен бейнеүзінділерді толық өшіруге міндеттеді.

Сондай-ақ Борейкодан құрылыс компаниясының пайдасына 43 миллион теңгеден астам қаражат пен сот шығындарын өндіру туралы шешім қабылданды.

Сот шешімі әзірге заңды күшіне енген жоқ. Журналистің оған шағым түсіруге құқығы бар.

Соңғы жаңалықтар