Арабша сөздер сәнге айналды ма? ҚМДБ діндарларға маңызды үндеу жасады

Редакция
13 қараша 2026, 12:56
Арабша сөздер сәнге айналды ма? ҚМДБ діндарларға маңызды үндеу жасады Сурет авторы: depositphotos.com

Соңғы уақытта қоғамда, әсіресе діни ортада төл сөздерімізді шеттету үрдісі күшейіп кетті. Осыған байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы маңызды мәлімдеме жасап, қазақ тілінің тазалығы мен төл ұғымдарын орнымен қолдануға шақырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақ тілі" қоғамының құрылтайында көтерген сыннан кейін басталған бұл үдеріс көпшіліктің назарын аударып отыр.

Мүфтият Құран аяттары мен дұғалардың араб тілінде оқылуы өз маңыздылығын жоғалтпайтынын, алайда күнделікті қарым-қатынаста өз тіліміздегі баламаларды пайдалану әлдеқайда орынды екенін атап өтті. Мәселен, жұртшылық арасында жиі айтылатын "ифтар" мен "сухур" сөздерінің орнына ата-бабамыздан қалған қасиетті "ауызашар" мен "сәресі" ұғымдарын қолдану – тілімізге деген құрметтің көрінісі. Бұдан бөлек, бес уақыт намаздың "таң", "бесін", "екінті", "ақшам", "құптан" деген атаулары халық санасына әлдеқашан сіңіп, дәстүрімізбен біте қайнасып кеткені еске салынды.

Сондай-ақ жастар мен желі қолданушылары арасында кең тараған "ахи", "ухти", "абла", "аби" сияқты бөгде тілдік қаратпаларға да қатысты пікір білдірілді. Діни басқарма өкілдері мұның орнына қазақтың "бауырым", "ағам", "інім", "әпкем", "апам", "қарындасым" деген жүрекке жылы тиетін төл сөздерін қолдану әлдеқайда абзал екенін жеткізді. Бұл қадам ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып қана қоймай, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық көрсететін сыйластық дәстүрін берік сақтауға септігін тигізбек.

Соңғы жаңалықтар