Декреттегі аналардың зейнетақы қорына түсетін ақша 60%-ға азаяды

Редакция
13 қараша 2026, 10:44
Декреттегі аналардың зейнетақы қорына түсетін ақша 60%-ға азаяды Сурет авторы: depositphotos.com

2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде бала күтімі бойынша демалыста отырған әйелдердің зейнетақы жинағын қалыптастыру тәртібі өзгереді. Жаңа ережеге сәйкес, мемлекет бюджеті есебінен төленіп келген қосымша зейнетақы жарналарын аудару тоқтатылады.

Қолданыстағы жүйе бойынша, бала күтіміне байланысты төленетін жәрдемақы ананың соңғы екі жылдағы орташа жалақысының 40%-ын құрайды. Осы сомадан 10% мөлшерінде міндетті зейнетақы жарнасы ұсталады. Бұған дейін мемлекет әйелдің зейнетақы қоры зардап шекпеуі үшін, декретке дейінгі табысының 10%-ына жетпей тұрған айырмашылықты бюджеттен қосымша субсидиялап отырған.

Егер әйелдің декретке дейінгі орташа жалақысы 500 мың теңге болса:

  • Оған тағайындалатын бала күтімі бойынша ай сайынғы төлем – 200 мың теңге;

  • Бұл төлемнен ұсталатын зейнетақы жарнасы – 20 мың теңге;

  • Мемлекет тарапынан қосымша аударылатын сома – 30 мың теңге.

Осылайша, бұрын БЖЗҚ-дағы шотқа ай сайын жиынтығы 50 мың теңге түсіп тұрған.

Алайда 2027 жылдың басынан бастап мемлекет беретін 30 мың теңгелік үстеме толығымен тоқтатылады. Соның салдарынан декреттегі ананың зейнетақы шотына тек жәрдемақыдан ұсталатын 20 мың теңге ғана аударылады. Бұл бала күтімімен отырған әйелдердің зейнетақы жинағына түсетін қаражат көлемі бірден 60%-ға кемиді деген сөз.

Соңғы жаңалықтар