Шығыс Қазақстанның 79 жастағы тұрғыны Италияда өткен скандинавиялық жүрістен Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды

Редакция
02 қазан 2026, 09:43
Шығыс Қазақстанның 79 жастағы тұрғыны Италияда өткен скандинавиялық жүрістен Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды Сурет авторы: ШҚО баспасөз қызметі

Адамның жас шамасы белсенді өмір сүруге, денсаулықты нығайтуға және спорттық шыңдарды бағындыруға ешқашан тосқауыл бола алмайды. Бұл ақиқатты өз ісімен айқын дәлелдеген Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны, Төтенше жағдайлар министрлігінің 79 жастағы ардагері Әбілқайыр Насырұлы Иманбеков Италияда өткен скандинавиялық жүріс бойынша Әлем кубогында екінші орынды иеленіп, өте жоғары нәтижеге қол жеткізді, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі баспасөз қызметі.

Төтенше жағдайлар саласында 42 жыл бойы үзіліссіз абыройлы қызмет атқарған зейнеткер өз уақытында Өскемен қалалық Төтенше жағдайлар басқармасын басқарып, азаматтардың амандығы мен қауіпсіздігін камтамасыз етуге зор үлес қосқан. Сонымен қатар, ол 14 жыл бойы облыстық азаматтық қорғаныс штабында арнайы курстардың бастығы лауазымын атқарды.

Ардагердің өмір жолы ел басына күн туған жауапты сәттерде батыл шешім қабылдай білетін табандылығымен ерекшеленеді. Мәселен, 2009 жылдың сәуір айында Сенное елді мекенінде орын алған жойқын су тасқыны кезінде тұрғындарды құтқару шараларын тікелей өзі басқарған. Сол сияқты, Алматыдан қайтып келе жатып, ақтүтек боранда жолда қалған фристайлдан ұлттық құраманың 11 спортшысын аман алып қалу операциясын да ұйымдастырған болатын. Құтқарушылардың уақытылы әрі жүйелі әрекетінің арқасында қауіпті аймақта қалған адамдардың барлығы аман-есен эвакуацияланды.

Құрметті демалысқа шыққаннан кейін де еңбек ардагері сергек өмір салтынан ажыраған жоқ. Өскемендегі дене белсенділігін серік еткен пікірлестер тобына қосылған ол елімізде облыстық және республикалық турнирлерге қатысатын скандинавиялық жүріс бойынша арнайы құрама команда құру идеясын ұсынды. Бүгінгі таңда ардагердің өзі Алматы, Түркістан, Семей, Самарқанд, Бішкек және Ыстықкөл аумақтарында ұйымдастырылған ауқымды марафондарда бақ сынап, жыл сайын өткізілетін скандинавиялық жүріс фестивальдерінде тұрақты өнер көрсетіп келеді.

«Мен бұл спорт түрінің денсаулыққа тигізер орасан зор пайдасын түсініп, оған ерекше ықылас білдірдім. Өскеменде осы бағытты серік еткен белсенді азаматтармен біріктім. Бұл – адамның үнемі сергек қозғалыста болуына жағдай жасайтын, барша бұқараға бірдей қолжетімді әрі пайдалы дене шынықтыру түрі», – деп бөлісті Әбілқайыр Иманбеков.

Сонымен қатар атаның бұқаралық спорттан бөлек тағы бір сүйікті хоббиі бар. Ол – би өнері, әсіресе классикалық вальс ырғағы. Ардагер бұл салада да елеулі табысқа жетіп, Алматы қаласында ұйымдастырылған халықаралық байқаудың лауреаты атанған болатын.

Бүгінгі таңда спорттық жетістіктерімен де, қоғамдық активтілігімен де дараланған ТЖМ ардагері Әбілқайыр Иманбеков жас ұрпаққа нағыз үлгі болып отыр. Ол өзінің сергек тұрмысы арқылы тұрақты жаттығу мен белсенді қозғалыстың ұзақ әрі салауатты өмір сүрудің басты кепілі екенін күн сайын дәлелдеп келеді.

Соңғы жаңалықтар