Орталық Азия парламентарийлері өңірлік қауіпсіздік пен экономиканы дамытудың ортақ жолдарын айқындады

Редакция
29 қазан 2026, 20:17
Орталық Азия парламентарийлері өңірлік қауіпсіздік пен экономиканы дамытудың ортақ жолдарын айқындады Сурет авторы: Құрылтайдың баспасөз қызметі

29 қазанда Душанбе қаласында «Орталық Азиядағы бейбітшілік, қауіпсіздік және өркендеу жолындағы бірлік» тақырыбына арналған Орталық Азия мемлекеттерінің IV Парламентаралық форумы өтті. Халықаралық жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан парламенттерінің өкілдері қатысты.

Қазақстандық делегацияны бастап барған Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай форум қатысушыларына арнаған сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жүзеге асырылып жатқан ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістер туралы баяндады. Ол жаңа Конституцияның қабылданғанына назар аударып, «Заң және Тәртіп» қағидатына, бірлік пен келісімге негізделген Әділетті, Прогрессивті және Қуатты Қазақстанды құрудың негізгі бағыттарын таныстырды. Сонымен бірге, соңғы жеті жылда жүргізілген реформалардың нәтижесінде ел экономикасы 30 пайызға өсіп, жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім 15 мың доллардан асқанын атап өтті.

Сондай-ақ Құрылтай Төрағасы Президенттің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жүктелген міндеттерге тоқталды. Оның ішінде жаңа жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен ауруханалар салу, ауыл шаруашылығы, көлік және су пайдалану салаларын цифрландыру, энергетика секторын түбегейлі жаңғырту сияқты ауқымды жобалар сараланды. Бұл бастамалар Қазақстанның дамуына тың серпін беріп қана қоймай, бүкіл Орталық Азия өңірінде экономикалық өсімге және ынтымақтастықты нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашатыны айтылды.

Айбек Дәдебай өңірлік, су және экологиялық қауіпсіздік пен экономикалық интеграцияны тереңдету мәселелерінің маңыздылығын атап өтіп, парламенттік дипломатия нақты нәтижеге бағытталуы тиіс екенін жеткізді. Форум барысында Қазақстан делегациясы өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар практиклық ұсыныстар білдірді.

Атап айтқанда, Орталық Азияның ядролық қарудан азат аймақ мәртебесін сақтаудың маңыздылығы, сондай-ақ Халықаралық биологиялық қауіпсіздік агенттігін құру бастамасының өзектілігі сөз болды. Экономикалық және цифрлық интеграция аясында электрондық сауда, кеден жұмысын электронды түрде басқару, инвестиция, көлік және өнеркәсіптік кооперация салаларында заңнамалық тәжірибе алмасу ұсынылды. Мұндай бірлескен қадамдар өңірішілік сауда көлемін 20 миллиард долларға жеткізу жөніндегі мақсатты жүзеге асыруға жағдай жасайды.

Жиынның негізгі тақырыптарының бірі болған су және климат қауіпсіздігі бойынша Құрылтай депутаттары Су пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенцияны қабылдау жұмыстарын жеделдетуді және Арал мәселесін шешу бағытында сарапшылар мен Халықаралық Аралды құтқару қоры өкілдерін ұйыстыра отырып, тұрақты парламентаралық диалог орнатуды ұсынды. Экологиялық міндеттерді шешуге қоғамды тарту мақсатында жыл сайын «Орталық Азияның экологиялық жауапкершілік апталығын» өткізу мүмкіндігі де қарастырылды.

Сонымен қатар, Қазақстан тарапы Жасанды интеллект саласындағы Орталық Азия әріптестігі бағдарламасын әзірлеуді заңнамалық тұрғыдан қолдауды және Индустрия 4.0 саласында Kazakhstan Physical AI Data Factory тұжырымдамасы негізінде өңірлік деректер хабын қалыптастыруды ұсынды.

Пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша форумға қатысушылар парламентаралық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі ортақ ұстанымдарды бекіткен Душанбе декларациясын қабылдады. Сапар аясында Айбек Дәдебай Тәжікстан Республикасы Маджлиси Оли Маджлиси миллиінің Төрағасы Рустами Эмомалимен және Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаевамен екіжақты кездесулер өткізіп, заң шығару тәжірибесімен алмасты.

Соңғы жаңалықтар