Ежелгі салбурын дәстүрі жаңғырады: Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы халықаралық этнофестиваль орталығына айналмақ

Редакция
01 қазан 2026, 10:21
Ежелгі салбурын дәстүрі жаңғырады: Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданы халықаралық этнофестиваль орталығына айналмақ Сурет авторы: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі баспасөз қызметі

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында ұлттық құсбегілік өнерін жаңа халықаралық деңгейге көтеретін «Шығыс Салбурыны – 2026» ашық I Азия кубогіне қызу дайындық жүріп жатыр. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің 2026 жылғы ресми іс-шаралар күнтізбесіне енгізілген бұл дүбірлі дода қазан айының 8-і мен 10-ы аралығында өтеді деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі баспасөз қызметі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мәлім болғандай, 2020 жылы бастау алып, Бозанбай ауылында «Қансонар» турнирі ретінде тұсауы кесілген фестиваль биыл жаңа мәртебеге ие болды. Дүбірлі додаға Қазақстаннан бөлек Ресей, Венгрия, Испания, Грузия, Қытай, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия сияқты 10 мемлекеттен 150-ге жуық тәжрибелі құсбегі қатысады деп күтілуде.

Шара бағдарламасына сәйкес, 8 қазанда шетелдік және отандық спортшыларды қарсы алу, тіркеу, этноауылды жабдықтау, мандат комиссиясы мен жеребе тарту жұмыстары жүргізіледі. Ал 9 қазан күні фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтіп, іріктеу мен жартылай финалдық бәсекелер басталады. Шешуші 10 қазанда финалдық бәсекелер, ұлттық спорт түрлерінен сайыстар, жеңімпаздарды марапаттау және жабылу салтанаты ұйымдастырылады.

Жарыс барысында саятшылар бүркіт, қаршыға, сұңқар және ителгі баптау шеберлігін сарапқа салады. Бұдан өзге, 50-ден астам спортшы тазы жарысы, асау үйрету, жамбы ату, теңге ілу, арқан тартыс, таяқ тарту және «Толағай» сияқты дәстүрлі спорт түрлерінен күш сынасады.

Келушілер мен меймандар үшін ұлттық қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, бай этнографиялық бағдарлама және өнер жұлдыздарының концерті жоспарланған. Ұйымдастырушылардың болжамынша, этнофестивальді тамашалауға отандық және шетелдік 12 мыңға жуық турист пен көрермен келеді.

Фестиваль аумағында ұлттық нақышта безендірілген 47 киіз үйден тұратын этноауыл бой көтереді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері үшін ене ғаламтор желісімен қамтылған арнайы баспасөз орталығы қарастырылған. Сондай-ақ қонақтарға 10 глэмпинг алаңы, қолөнершілерге 24 шатыр, тамақтану аймағында 4 шатыр және бес алтыбақан орнатылып, атпен серуендеу мүмкіндігі ұсынылады.

Қазіргі уақытта шетелдік меймандар мен төрешілерді қарсы алу, орналастыру логистикасы нақтыланып жатыр. Мәдениет басқармасы шараның сценарийін дайындауда. Сонымен қатар танымал өнерпаздар, блогерлерді шақыру, автокөліктер көрмесін өткізу және тест-драйв ұйымдастыру мәселелері пысықталуда. Ал тамақтану жағын жергілікті кәсіпкерлер мен қоғамдық тамақтану орындары қамтамасыз етіп, мәзірге ұлттық және заманауи тағамдар, дәмді нан-тоқаштар мен сусындар енгізеді.

Мерекелік шара өтетін аумақта қауіпсіздік талаптары қатаң сақталады. Бұл ауқымды Азия кубогі қазақтың бай саятшылық дәстүрін әлемге танытып, ұлттық спортты өркендетуге, халықаралық байланысты нығайтуға және Шығыс Қазақстанның туризм саласын дамытуға үлкен серпін бермек.

Соңғы жаңалықтар