Азия ойындары: Шығыс Қазақстан спортшысы Екатерина Таранцева есу слаломынан қола жүлдеге қол жеткізді

Редакция
01 қазан 2026, 12:56
Азия ойындары: Шығыс Қазақстан спортшысы Екатерина Таранцева есу слаломынан қола жүлдеге қол жеткізді Сурет авторы: Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі баспасөз қызметі

Жапонияның Тоёта қаласындағы Яхаги өзенінде XX жазғы Азия ойындары аясында есу слаломынан әйелдер арасындағы K1 санаты бойынша финалдық бәсеке өтіп, оған құрлықтың сегіз мемлекетінен келген ең үздік спортшылар қатысты, деп хабарлайды Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі баспасөз қызметі. Аталған айтулы додада Қазақстан ұлттық құрамасының намысын қорғаған Шығыс Қазақстан облысының өкілі Екатерина Таранцева жоғары дайындығын көрсетіп, Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алды.

Мәре сызығын 112,23 секунд көрсеткішімен қиған отандық спортшы жарыс пьедесталының үшінші сатысына көтерілді. Бұл сында турнир қожайыны жапониялық Ито Куруми 107,60 секунд нәтижесімен алтын медальді еншілесе, 111,70 секунд көрсеткен қытайлық спортшы Чэнь Линь күміс жүлдені ұтты.

Айта кету керек, Екатерина Таранцева осымен Азия ойындарындағы жоғары нәтижесін екінші мәрте қайталап отыр. Бұған дейін ол 2022 жылы Қытайда ұйымдастырылған Азия ойындарында да K1 бәсекесінде үшінші орыннан көрінген болатын. Осылайша, шығыс қазақстандық спортшы құрлықтық додада қатарынан екінші рет қола медаль иеленіп, өзінің тұрақты әрі жоғары шеберлігін дәлелдеді.

Есу слаломы - қатысушыдан жоғары жылдамдықпен қатар, су ағысының бағытын дәл бағдарлауды, тепе-теңдікті шебер сақтауды және күрделі бұрылыстарды шапшаң орындауды талап ететін ерекше спорт түрі. Жарыс ережесіне сәйкес, спортшылар арнайы немесе табиғи су арнасына қойылған қақпалардан бекітілген реттілікпен өтуге міндетті. Белгіленген қақпаға тиіп кету немесе оны айналып өту қорытынды уақытқа айып секундтарын қосатындықтан, бұл дисциплинада әрбір секундтың мәні зор.

Спортшының бір орындық каякта өнер көрсететін K1 санатында ескек есушінің техникалық шеберлігі, реакция жылдамдығы мен судағы қозғалысты толық бақылауда ұстауы шешуші рөл атқарады.

Екатерина Таранцеваның бұл айтулы жетістігі – оның жеке еңбегімен қатар, спортшының дайындығына жетекшілік еткен тәжірибелі бапкерлер Ольга Королева мен Светлана Куликованың қажыырлы еңбегінің жемісі. Шығысқазақстандық спортшы мен оның бапкерлерін халықаралық аренадағы жарқын жеңісімен құттықтаймыз.

Соңғы жаңалықтар